Осы бапта белгіленген жасқа толған және көлік құралдарын басқаруға қарсы айғақтардың жоқ екендігі туралы медициналық қорытындысы бар адамдарға көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарында тиісті даярлықтан кейін көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін емтихан тапсыруға рұқсат беріледі.
Көлік құралдарын басқару құқығы:
«А1» кіші санатындағы көлік құралдарын - он алты жасқа толған адамдарға;
«А», «В» санаттарындағы және «В1», «С1» кіші санаттарындағы көлік құралдарын - он сегіз жасқа толған адамдарға;
«С» санатындағы және «D1» кіші санатындағы көлік құралдарын - жиырма бір жасқа толған, кемінде үш жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде бір жыл «С1» кіші санатына жатқызылатын көлік құралдарын басқару өтілі бар адамдарға;
«Tm» санатындағы көлік құралдарын - жиырма бір жасқа толған адамдарға; «D» және «Tb» санаттарындағы көлік құралдарын жүргізу - жиырма үш жасқа толған, кемінде үш жыл жүргізуші жұмыс өтілі, оның ішінде «D1» кіші санатына жатқызылатын көлік құралдарын кемінде бір жыл басқару өтілі бар адамдарға;
«ВЕ», «СЕ», «DЕ» санаттарындағы көлік құралдарының құрамдарын - кемінде он екі ай бойы тиісінше «В», «С» немесе «D» санаттарындағы көлік құралдарын басқаруға құқығы бар адамдарға;
«С1Е», «D1Е» кіші санаттарындағы көлік құралдарының құрамдарын - кемінде он екі ай бойы тиісінше «С», «D» санаттарындағы не «С1», «D1» кіші санаттарындағы көлік құралдарын басқаруға құқығы бар адамдарға беріледі. 2-1. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының алтыншы бөлігінде немесе 613-бабының тоғызыншы бөлігінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдар жеті жыл бойы көлік құралдарын басқару құқығын алуға емтихандар тапсыруға жіберілмейді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының жетінші бөлігінде немесе 613-бабының оныншы бөлігінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдар сегіз жыл бойы көлік құралдарын басқару құқығын алуға емтихандар тапсыруға жіберілмейді. Емтихандар тапсыруға осы шектеу әкімшілік жауаптылыққа соңғы тартылған кезден бастап есептеледі.
«В», «С» санаттарындағы, сондай-ақ «С1» кіші санатындағы көлік құралдарын басқару құқығын алу үшін емтихандар тапсыруға он жеті жасқа толған жəне жергілікті əскери басқару органдарының жолдамалары бойынша көлік құралдарының жүргізушілерін тиісті даярлаудан өткен, жүргізушілік жұмыс өтілі жəне «С1» санатына жататын көлік құралдарын басқару өтілі жоқ адамдар жіберіледі. Аталған адамдарға ұлттық жүргізуші куəліктері олар он сегіз жасқа толғанда беріледі. Аталған адамдарға олар жиырма бір жасқа толғанға дейін берілген ұлттық жүргізуші куəліктері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарға ғана тиесілі «С» санатындағы көлік құралдарын жəне олар əскери қызмет өткерген кезеңде ғана басқару құқығын растайды.
2025.16.07. № 211-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2025 ж. 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)